Қазақстандықтар өзгерістерді байқап, инфрақұрылымды одан әрі дамытуға сұранысын сақтап отыр

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰТО) «Қазақстандықтар өздері тұратын елді мекендердің дамуын қалай бағалайды» тақырыбында жүргізілген зерттеудің қорытындыларын ұсынды.
Қалалар мен ауылдардың дамуы әдетте құрылыс және жөндеу жұмыстарының көлемі, жаңа әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі, ортаның жақсаруы және қызметтерге қолжетімділіктің артуы арқылы сипатталады. Бұл көрсеткіштер орындалған жұмыстардың ауқымы туралы пайымдауға мүмкіндік береді, бірақ болып жатқан өзгерістерді тұрғындардың күнделікті өмірде қаншалықты сезінетінін толық көрсете алмайды. Объективті көріністі халықтың субъективті бағаларымен толықтыру және аумақтардың дамуына тұрғындардың өз тәжірибесі тұрғысынан қарау мақсатында 2026 жылдың шілде - тамыз айларында ҰТО халық арасында сауалнамаға негізделген зерттеу жүргізді.
Нәтижелер елді мекендердің дамуын қоғам негізінен оң қабылдайтынын көрсетті. Тұрғындардың басым бөлігі соңғы үш жылдағы оң өзгерістерді атап өтеді, он адамның сегізі қазіргі өмір сүру жағдайына көңілі толады, ал үштен екіге жуығы жағдайдың алдағы уақытта да жақсаратынына сенеді.
Тұрғындар үшін ең алдымен күнделікті өмірде көзге көрінетін өзгерістер - жолдардың жағдайы, абаттандыру, саябақтар мен көгалдандыру айқын байқалған. Адамның күн сайын көріп жүрген өзгерістері елді мекендегі оң өзгерістер туралы жалпы түсінікті қалыптастырады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері халықтың инфрақұрылымды одан әрі дамытуға деген нақты сұранысы сақталып отырғанын көрсетті. Бұл сұраныстың ауқымы да біртіндеп кеңеюде: абаттандырумен қатар, медициналық инфрақұрылым, интернет пен мобильді байланыс, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сияқты негізгі қызметтердің сапасына қойылатын талап артып келеді.
Сауалнама телефондық сұхбат әдісімен жүргізілді. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен кәмелет жасына толған 1 000 тұрғын қатысты. Іріктеу кезінде жынысы, жасы, өңірі және елді мекеннің түрі бойынша белгіленген квоталар сақталды.
Зерттеудің толық нәтижелері Ұлттық талдамалық орталықтың сайтында жарияланды:https://www.nacanalytica.kz/kz/publications/azastandytar-eldi-mekenderini-damuyn-alaj-baalajdy-zhalpyltty-saualnama-ntizheleri

