ҰТО пәкістандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтуда

30 шілдеде Ұлттық талдамалық орталық (ҰТО) сарапшылары Расул Қоспанов пен Роза Тілеухан Исламабадтағы Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институтының басшысы, доктор Фархат Асифпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын дамыту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар сараптамалық дипломатияның екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі сөз болды. Тараптар сараптамалық орталықтар арасындағы тұрақты диалог жаңа бастамаларды әзірлеуге және Астана мен Исламабад арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ ҰТО пен Пәкістанның сараптамалық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттары ретінде бірлескен зерттеулер жүргізу, сараптамалық пікірталастар ұйымдастыру және талдамалық материалдармен алмасу ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Пәкістанның сараптамалық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.

Анықтама: доктор Фархат Асиф – халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік мәселелері бойынша пәкістандық сарапшы, Исламабадтағы Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы әрі президенті. Сонымен қатар Diplomatic Insight Group платформасын басқарады. Институт Орталық Азия, Қытай, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бағыттарында талдамалық зерттеулер жүргізеді. Оның жетекшілігімен The Diplomatic Insight журналы жарық көреді.