ҰТО мен Нидерланд Елшілігі ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2026 жылғы 28 шілдеде Ұлттық талдамалық орталықтың саясаттанушысы Расул Қоспанов Қазақстандағы Нидерланд Корольдігінің Елшілігінің Орталық Азия бойынша әскери атташесі Ян Виллем де Вольфпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін, Қазақстанның Еуропалық одақпен өзара іс-қимылын, сондай-ақ энергетика саласы, инвестициялық ахуал және еліміздегі адами капиталды дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуде Нидерландтың Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвестор екені атап өтілді. Тәуелсіздік алғаннан бері Нидерландтан тартылған инвестиция көлемі $120 миллиардтан асты. Оның 80% астамы мұнай-газ саласына бағытталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $6,3 миллиардқа жетті.
Расул Қоспанов Қазақстан мен Нидерланд арасындағы қарым-қатынастың даму үрдісі мен екіжақты ынтымақтастықтың келешегі, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық одақпен байланысын одан әрі нығайту мүмкіндіктері жөніндегі пікірімен бөлісті.
Кездесу барысында Ұлттық талдамалық орталықтың қызметіне де ерекше назар аударылды. Орталық өкілі нидерландтық әріптестеріне орталықтың негізгі ғылыми-зерттеу бағыттары мен жүзеге асырылған сараптамалық жобалары туралы мәлімет берді.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты сараптамалық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.