Ұлттық талдау орталығы IPAF саммитінде сауалнама деректері негізінде калибрленген Қазақстанның кредит нарығы моделін ұсынды
Астана, 2026 жылғы 13 тамыз. Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының Экономикалық модельдеуді дамыту орталығының директоры Ақбөбек Ахмедьярова Мемлекеттік активтерді басқару компанияларының халықаралық форумының (IPAF) 10-шы саммиті мен конференциясында сөз сөйледі. Ол пайыздық мөлшерлемелер мен кредиттеу шарттарының өзгеруіне үй шаруашылықтарының әртүрлі топтарының қалай жауап беретінін қарастыратын зерттеуін ұсынды.
Саммит 2026 жылғы 12–14 тамыз аралығында Астанада өтіп, қалыптасушы нарықтардағы жұмыс істемейтін кредиттерді басқару және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Іс-шараны Азия даму банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ ұйымдастырды.
Конференцияға орталық банктердің, қаржы нарығын реттеушілердің, халықаралық ұйымдардың және проблемалық активтерді басқару компанияларының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Азия даму банкінің, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық қаржы корпорациясының, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Кореяның активтерді басқару корпорациясының, Индонезия банкінің және Азия мен Еуропаның басқа да ұйымдарының сарапшылары болды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары проблемалық берешектің қалыптасу себептері, ерте ескерту жүйелерін дамыту, проблемалық активтерді басқарудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ кредиттік тәуекелдерді бағалау және төмендету үшін деректер мен цифрлық технологияларды қолдану болды.
Ақбөбек Ахмедьярова «Жұмыс істемейтін кредиттердің қалыптасу факторлары және ерте ескерту жүйелері» атты бірінші сессияда сөз сөйледі. Талқылауға Индонезия банкінің атқарушы директоры әрі Макропруденциялық саясат, ақша-кредит және нарықты қадағалау департаментінің басшысы Ирман Робинсон және Дүниежүзілік банктің қаржы секторы жөніндегі аға маманы Карлис Баузе де қатысты. Сессияны Азия даму банкінің экономисі Алессандра Донини жүргізді.
Өзінің «Сауалнама деректері бойынша калибрленген кредит арнасының DSGE-моделі: Қазақстандағы үй шаруашылықтарының кредиттік мінез-құлқы, ақша-кредит саясатының трансмиссиясы және жұмыс істемейтін кредиттер» атты баяндамасында Ақбөбек Ахмедьярова макроэкономикалық деректер мен 1 000 үй шаруашылығы арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін біріктіретін модельді ұсынды.
Зерттеудің басты ерекшелігі – халықтың қаржылық мінез-құлқындағы айырмашылықтарды ескеру. Үй шаруашылықтары қаржылық тұрақтылық деңгейі, тұтынуға бейімділігі және шығындарды уақыт бойынша бөлу мүмкіндігі жағынан ерекшеленеді. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 47%-ы қосымша табыстың барлығына жуығын ағымдағы шығындарға жұмсар еді, ал 33%-ы оның едәуір бөлігін жинақтауды жөн көрер еді. Осы айырмашылықтарды ескере отырып, модельде үй шаруашылықтарының екі тобы ажыратылды. Бірінші топ тұтынуға жоғары бейімділігімен сипатталады және ағымдағы табысының басым бөлігін күнделікті шығындарға жұмсайды. Екінші топтың жинақ қалыптастыруға және тұтынудың бір бөлігін болашақ кезеңдерге ауыстыруға мүмкіндігі көбірек.
Модельдеу нәтижелері ақша-кредит жағдайларындағы өзгерістердің бұл топтарға әртүрлі әсер ететінін көрсетеді. Базалық мөлшерлеме көтерілген кезде қаржылық тұрғыдан осал үй шаруашылықтары тұтынуды тезірек қысқартып, кредиттік жүктеменің өсуін күштірек сезінеді. Жинақ жасауға және шығындарын уақыт бойынша қайта бөлуге мүмкіндігі көбірек үй шаруашылықтарына бұл өзгерістердің әсері біршама жеңіл болады.
Бұл тәсіл ақша-кредит саясаты шешімдерінің орташа макроэкономикалық әсерін ғана емес, сонымен бірге олардың халықтың жекелеген топтарына, оның ішінде проблемалық берешектің туындау тәуекеліне ықпалын да дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.
Баяндаманың жеке бөлімі кредиттік тәуекелдердің алдын алу үшін мінез-құлық ерекшеліктерін ескеретін құралдарды қолдану мүмкіндіктеріне арналды. Мұндай құралдар қарыз алушылардың қаржылық шешімдерді іс жүзінде қалай қабылдайтынын ескереді: төлемдерді кейінге қалдыруға бейімділік, еске салуларға әртүрлі реакция, кредит шарттарына жеткілікті назар аудармау және қаржылық қиындықтар туындаған кезде көмекке кеш жүгіну. Барлық қарыз алушыларға бірдей шаралар қолданудың орнына, мінез-құлыққа негізделген тәсіл қаржылық тұрақтылық деңгейі мен шешім қабылдау үлгілері әртүрлі топтармен неғұрлым нысаналы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе кредиттеу шарттарының қатаюына күштірек жауап беретін және берешекке қызмет көрсету кезінде қиындықтарға ертерек тап болуы мүмкін, ағымдағы тұтынуға бейімділігі жоғары үй шаруашылықтары үшін маңызды.
Ұсынылған зерттеу Ұлттық талдау орталығының әлеуметтанулық зерттеу деректерін, халықтың мінез-құлық сипаттамаларын және экономикалық модельдеуді ықпалдастыру жөніндегі жұмысын жалғастырады. Осы әдістерді ұштастыру мемлекеттік саясаттың салдарын бағалау кезінде үй шаруашылықтарының мінез-құлқындағы айырмашылықтарды ескеруге және кредиттік тәуекелдерді төмендетуге, қаржылық тұрғыдан осал топтарды қолдауға әрі қаржылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған неғұрлым нысаналы шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.


IPAF-тың 10-шы саммиті мен конференциясы туралы толығырақ ақпарат іс-шараның ресми парақшасында берілген.