Қорқыныш пен ашу медиакүн тәртібін қалай қалыптастырады?

Ұлттық аналитикалық орталықтың сарапшысы Жансая Оралбекова Nofake.kz порталының журналисті Айнагүл Елюбаеваға сұхбат берді. Мәтін Nofake.kz порталынан алынды.
Қазіргі медиакеңістіктегі фактілер эмоцияларға жиі жол беріп жатады. Жаңалық тақырыптары айқайлап тұр, әлеуметтік желілер наразылыққа толы, ал қорқыныш пен ашу назар аудартудың басты валютасына айналды. Теріс эмоциялар дәлелдерге, сандарға және салқынқанды талдауға қарағанда «жақсы өтеді». Бұл қоғамның ақпаратты қалай қабылдайтынына және қандай қорытынды жасайтынына тікелей әсер етеді.
Қорқыныш пен ашу әсіресе тиімді жұмыс істейді. Алаңдаушылық тудыратын («Сізге қауіп төніп тұр», «Мұны сізден жасырып отыр») немесе ашу шақыратын («Жанжал», «Сатқындық», «Өрескел шешім») тақырыптар оқырманды бірден елең еткізеді. Ал ақпаратты рационалды түрде тексеру күш пен уақытты талап етеді, эмоциялық реакция болса дерлік автоматты.
Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық аналитикалық орталықтың мінез-құлық ғылымдары бойынша зерттеушісі Жансая Оралбекова мұны адам санасының эволюциялық тұрғыда қауіп пен тірі қалуға бейімделуімен түсіндіреді. Яғни мұндай жағымсыз ақпарат миға «құтылу керек» деген белгі береді.
«Нейробиологияда, нейроғылымда және мінез-құлық ғылымында negativity bias деген ұғым бар — бұл негативке көбірек назар аудару бейімділігі. Яғни жағымсыз ақпарат позитивті деректерге қарағанда тезірек есте қалады. Себебі ол амигдалаға, тірі қалуға жауап беретін бастапқы инстинктивті механизмдерге әсер етеді. Адамдар мұндай контентке жылдамырақ реакция береді», — дейді сарапшы.
Ал ашу эмоциясы, өз кезегінде, энергияны жұмылдырып, жағдайды бақылауда ұстап тұрғандай сезім тудырады.
«Фактілер мен статистика баяу өңделеді және когнитивтік ресурстарды қажет етеді. Ал эмоциялар бірден қабылданады. Сондықтан эмоциялық бояуы бар хабарламалар жақсырақ есте сақталады, тезірек таралады және көбірек кері байланыс тудырады», — деп нақтылады аналитик.
Әлеуметтік желілер мен жаңалық агрегаторлары аудиторияның қызығушылығын жай ғана көрсетіп қоймай, оны күшейтеді. Алгоритмдер белсенді әрекет тудыратын контентті алға шығарады. Ал адамдар ең белсенді түрде дәл қорқытатын немесе ашуландыратын дүниеге жауап береді. Контент жасаушылар осы сұранысқа бейімделіп, салмақты аналитикалық материалдардың үлесі азая береді. Осылайша эмоциялар біртіндеп қоғамдық кеңістікте фактілерді ығыстырады.
Алайда кликбейттік ойлау адамның психикасына елеулі қауіп төндіреді. Мазасыздық артады, күрделі тақырыптар туралы ойлау қабілеті әлсірейді. Үнемі негативті ақпарат тұтыну кортизол деңгейін көтеріп, ұйқыны бұзады, күйзеліске төзімділікті төмендетеді және қақтығысшылдықты арттырады. Қорқыныш пен ашуға толы контенттің үздіксіз ағыны эмоциялық қажуға, дәрменсіздік сезіміне және созылмалы стреске әкеледі. Қоғамдағы поляризация күшейіп, адамдар фактілер емес, сезімдер расталатын эмоциялық «көпіршіктерде» өмір сүре бастайды.
Ендеше эмоциялық жеткізу мен манипуляцияның ара-жігі қайда? Жансая Оралбекованың пікірінше, эмоциялық баяндауда адамға ойлануға, өз бетінше таңдау жасауға және жеке пікірін дамытуға мүмкіндік қалады. Ал манипуляцияда қатаң схема ұсынылады: бұл — ақ, бұл — қара, бұл — жақсы, бұл — жаман.
«Эмоциясыз болмайды, бірақ манипуляциясыз болады. Дұрыс эмоцияларды таңдау керек: истерияға, қорқытуға, үрейге қысым жасамай, керісінше адамның саналы, сабырлы, төзімді, түсінетін, ойланатын немесе эмпатиялы болуына “азық” беру қажет», — дейді ол.
Сондай-ақ ой елегінен өткізуге және позитивті ойлауға мүмкіндік беретін медиабағдарламалар жасау маңызды. Мәселен, подкаст форматтарын қолдануға болады — онда белгілі бір мәселе ашық, асықпай түсіндіріледі. Мұндай контент аудитория тарапынан сапалы әрі мазмұнды деп қабылданады.
Сонымен қатар көрермен мен оқырманның өзі де сыни ойлауды іске қосуы тиіс, ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру қажет. Кейде ақпараттық детокс жасау, яғни белгілі бір уақытқа жаңалықтар легінен алыстау да өте пайдалы. Бұл миға алынған ақпаратты саралауға мүмкіндік береді.
«Мұндай үзіліс сізге қай жерде манипуляция жасалып жатқанын және ықпал етуге тырысатынын түсінуге көмектеседі», — дейді Жансая Оралбекова.
Сонымен бірге көрермендер мен оқырмандар маңызды тақырыптарға қызығушылық таныту арқылы сапалы контенттің қалыптасуына өздері де әсер ете алады.
Маманның айтуынша, эмоциялардың өзі жаман нәрсе емес. Олар адам тәжірибесі мен коммуникациясының маңызды бөлігі. Мәселе эмоциялар шындықты түсінуге көмектеспей, оны алмастырған кезде туындайды. Жауапкершілік бірнеше тарапқа бірдей жүктеледі: медиаға — назар аударту мен шынайылық арасындағы тепе-теңдікті таңдауда, платформаларға алгоритмдерді баптауда, аудиторияға медиасауаттылықты дамытуда және эмоция мен қорытынды арасындағы үзіліс жасай білуде.
Фактілер міндетті түрде жалықтыратын болмауы керек, ал эмоциялар жалған емес. Бірақ қорқыныш пен ашу ең жақсы сатылып тұрған кезде, дәл солар үстемдік ете береді. Мәселе біз бұның құнын өз назарымызбен, сенімімізбен және психологиялық әл-ауқатымызбен төлеуге дайынбыз ба, жоқ па — сонда.
Автор: Айнагүл Елюбаева
Сурет ашық дереккөздерден алынған